Қазақстанның барлық өңірлерінде дәрілер бағасын ұстап тұру туралы меморандумдарға қол қойылды - ҚР ДСӘДМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы сәуір айының басынан бері Қазақстанның барлық облыстарында, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында әкімдіктер, Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің департаменттері мен фармацевтикалық қауымдастықтар арасында дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасын ұстап тұру бойынша меморандумдарға қол қойылды.
2015 жылғы 30 наурызда ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі және кәсіби фармацевтикалық қауымдастықтар дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 200 атауларының бағасын ұстап тұру бойынша ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойғанын бұрын хабарлағанбыз.
Бұл құжатқа қол қою мақсаты халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау болып табылады. Дәрі-дәрмектер заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың отандық және халықаралық өндірушілері, дистрибьюторлар және бөлшек сауданың өкілдері 2015 жылғы 1 наурыздағы деңгейінде бағаларды бекітіп, жиі қолданылатын дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 200 атауына бағаны ұстап тұру туралы әлеуметтік жауапкершілікті өздеріне алды.
Атап айтқанда, олардың қатарында қабынуға қарсы, ауырсынуды және дене қызуын басатын препараттар, антибиотиктердің кейбір түрлері, сондай-ақ шприцтер және дәкелер бар, деп хабарланған ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің сайтында.