Қазақстанның барлық темір жол вокзалдарын тексеру құрылғыларымен жабдықтауға 2 млрд. теңге жұмсалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның барлық темір жол вокзалдарын тексеру құрылғылармен қамтамасыз етуге 2 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалады.
Бұл туралы бүгін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның вокзал шаруашылығы жөніндегі директоры міндетін атқарушы Жұбан Көрпебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетерлігі, бүгін ол бұқаралық ақпарат құралдарына Астана теміржол вокзалында 1 сәуірден бастап тексеріп кіргізу тәртібі қалай жүргізілетіндігін таныстырды. «Темір жол вокзалында жолаушыларды тексеру процедурасын біздің еншілес ұйымымыз «Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ жүргізетін болады. Олар сәйкесінше оқыту шарасынан өтті және құрал-жабдық көмегімен тыйым салынған сұйықтықтардың, жарылғыш заттардың барлық түрлерін анықтай алады», - деді Жұбан Көрпебаев.
Оның айтуынша, Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдарындағы тексеру құрылғылары бір айдан бері жұмыс істеп тұр. Осы уақыт аралығында ӘТКҚ қызметкерлері кінәсінен оқыс оқиға тіркелген жоқ. Ал 1 сәуірден бастап мұндай құрылғылар елорда вокзалында жұмыс істей бастайды. Оған «Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ-ның 149 қызметкері жұмылдырылады.
Жалпы, ағымдағы жылдың шілде айына дейін еліміздің ірі қалаларындағы барлық темір жол вокзалдары тексеру құрылғылармен жабдықталмақ. Оған «Қазақстан темір жолы» компаниясы 2 млрд. теңгеден астам өз қаржысын жұмсамақ.
ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, жолаушыларды тексеру лаңкестік қауіптің деңгейіне байланысты жүргізіледі. Лаңкестік қауіп болмаған жағдайда, лаңкестіктің қалыпты («сары») деңгейінде жолаушылар мен олардың қол жүктері ішінара, ал лаңкестіктің қаупі жоғары («алқызыл») немесе қиындықты («қызыл») деңгейінде барлық жолаушылар мен олардың қол жүктері тексеріледі.
Тексеру кезінде аса қауіп туғызатын (қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар) заттар табылған жағдайда, тексеру жүргізуші инспектор арнайы мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдары қызметкерлерін қосымша шаралар жасау үшін шақырады.
Тексеру жасаудың негізгі мақсаты - көлік инфрақұрылымында оқыс оқиғаларға апарып соқтыруы мүмкін адамдардың құрылғылар мен заттарды вокзал ішіне алып кіруін болғызбаудан туындап отыр.