Қазақстанның барша мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айының аяқталып, Ораза айтының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! - Қ. Лама Шариф
АСТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат - «Мұсылмандар ерекше қастерлейтін Рамазан айы рухани құндылықтарымыздың нығая түсуіне игі әсер етті.
Қастерлі Ораза айты осынау берекелі айдың шарапатты мейрамы ретінде салиқалы мұсылманның жан дүниесін ақиқат нұрына, мейірім шуағына бөлеп, ізгі істерге құлшындыра түспек», - дейді Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф қазақстандық мұсылмандарды қасиетті Ораза айтымен құттықтап.
«Қазақстан мұсылмандары бай рухани мәдениетімен, өзара түсінікке негізделген қастерлі құндылықтарымен, жасампаздыққа деген құштарлығымен ерекшеленеді. Осындай игі дәстүрлерге ие берекелі қауымның алдағы уақытта да еліміздегі дінаралық татулық пен қоғамдық келісімнің нығая түсуіне өлшеусіз үлес қосарына сеніміміз мол.
Ораза айтының шуақты мейрамы жандарыңызға жылулық, бойларыңызға күш-жігер, отбасыларыңызға береке дарытсын! Айт құтты болсын!» - дейді ол өз құттықтауында.