Қазақстанның Бас мүфтиі алдағы қасиетті Рамазан айынаа орай исі мұсылман халқына Үндеу жолдады

АСТАНА. 7 шілде. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстанның Бас мүфтиі алдағы қасиетті Рамазан айында кәсіпкерлерді азық-түлік тауарларына 10 пайыз жеңілдіктер жасауға, дүкендерде ішкілік сусындарды сатпауға, ал мұсылман халқын харам әрекеттерден аулақ болуға шақырды.

Қазақстанның Бас мүфтиі алдағы қасиетті Рамазан айынаа орай исі мұсылман халқына Үндеу жолдады

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) және Орта Азия мүфтилері кеңесінің төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі алдағы тамыз айының 1-і күні басталатын қасиетті Рамазан айының алдында министрлер мен ведомстволар жетекшілеріне, облыс, қала, аудан басшыларына, кәсіпкерлерге және исі мұсылман жалпы халыққа арнап ҚМДБ-ның дербес сайтына (www.muftyat.kz ) өзінің Үндеуін орналастырды.

«Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын. Құрметті мұсылмандар, отандастар. Биыл - сүйікті Отанымыз үшін ерекше жыл. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Дәл осы айтулы кезеңде егемен еліміз Ислам Ынтымақатастық ұйымының тізгінін қолға алып, қазақтың байтақ даласының ұзын-сонар тарихы Исламмен біте қайнасып жатқандығын дүйім жұртқа паш етуде. Тәуелсіздігімізді алғаннан бергі аз ғана мерзім ішінде еліміз аяғынан тік тұрып, қарқынды даму жолына түсті. Алла Тағаланың мейірім-рахымы түсіп, Қазақстан жұрты мерейлі 20 жылдығын әлем алдында абыроймен, толағай табыс және береке-бірлікпен, ынтымақпен қарсы алып отыр. Небәрі жиырма жылда ғасырға татырлық орасан зор істер атқарылды. Халықаралық мәртебелі ұйымдарға төрағалық еттік. Мұның қай-қайсы да елім, жерім, халқым деген әрбір отандасымыздың мақтаныш сезімі мен қуанышын тасытары сөзсіз. Бұл табыстарда кеңпейіл де жомарт халқымыздың бейбітсүйгіш дархандығының үлесі мол деп білемін. Алла Тағаладан еліміздің одан әрі биік белестерге шарықтай беруін тілеймін», - делінген онда.

Ә.Дербісәлі, ел халқын осынау қасиетті де, берекеге толы айда Алла разылығы үшін игілікті істерді көбірек жасауға шақыра отырып, жыл сайын Рамазан айының қарсаңында дүкендер мен базарларда азық-түлік бағаларының қымбаттайтындығы жайлы тілге тиек етті. Осы ретте, кәсіпкер мұсылман ағайынды Жасаған иеміздің мейірімін тілеп, азық-түлік бағаларын, қонақүйлер мен қоғамдық қызметтердің ақысын 10 пайызға жеңілдетуге шақырды. Сондай-ақ ол, қоғамдық көліктерде жүру ақысы, коммуналдық төлемақылар және телекоммуникациялық байланыс тарифтері де осы мөлшерге төмендетілсе деген тілегін білдірді.

Сонымен бірге Бас мүфти, қасиетті айда Алла Тағаланың ашуы мен қаһарын тудыратын - арақ-шараптардан, Алла Тағала тыйым салған басқа да харам іс-әрекеттерден аулақ болуға үндеді.

«Мейрамханалар мен жиын-тойларда ішкіліктің ешбір түрі ішілмесе, дүкендерде сатылмаса. Себебі, ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құдси хадисінде Алла Тағала ішімдік ішкенді, ішкізгенді, сатқанды, сатып алғанды сондай-ақ, оны жасап шығарғанды лағынеттеген. Қасиетті Құран кәрімде: «Әй, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, бұттарға табыну және бал ашатын оқтар - ластық, шайтанның iстерi. Мұратқа жетем десеңдер олардан аулақ болыңдар», - делінген (Маида сүресi, 90-91 аят). Бұл үндеу барша адамзат баласына мол рызық беріп отырған Алла Тағаланың разылығына біздің жұртымыз да әрі қарай бөленіп, сауабына ие бола беру мақсатынан туып отыр. Сауапты амалдар жасаудың сәтін қолдан шығарып алмайық, ағайын!», - деп түйіндеді Ә.Дербісәлі.