Қазақстанның Бас мүфтиі Мысырдағы Бейбарыс баба мешітінде болды

Діни басқарма делегациясы тарихи ғимаратты қайта жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл жайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.
«Мысырға құл болып келіп, сұлтандық дәрежеге дейін көтерілген атамыз мешіттер мен медреселердің бой көтеруіне, білім мен ғылымның қанат жаюына көп үлес қосты. Бабамыз Мысырдың әміршісі болған тұста мұнда тұрақтылық орнады. Ол халыққа жақын болып, алым-салықты азайтқан және түрмедегі тұтқындардың денін босатқан. Каирдегі әл-Азһар мешітін қайта қалпына келтіріп, іргелі оқу ордасына айналдырған - біздің Бейбарыс бабамыз. Мысыр мен Шам елінде көптеген медреселер салды. Соның бірі «Заһири медресесі» атты оқу орны Каирде әлі күнге дейін бар. Медреселердің ішінде мол кітап қоры бар кітапханалар да жұмыс істеді. Қалада Заһир Бейбарыс Жами деп аталатын үлкен мешіт салдырған. Осы құлшылық үйі орналасқан аумақ әлі күнге дейін аз-Заһирия деп аталады. Бейбарыс заманында салынған ғимараттар әлі күнге дейін Каир қаласының сәнін келтіріп тұр», - деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Әйгілі әмірші Сұлтан Бейбарыс мешіт тұрғызу барысында құлшылық үйінің маңдайшасына қазақы оюды өрнектеп салуды ұмытпапты.