Қазақстанның бас редакторлар клубы үздік журналистік мақалаларды анықтады
АСТАНА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстанның бас редакторлар клубының журналистер арасында өткізген «Асыл сөз құдіреті» атты байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Клубтың 5 жылдығына арналған аталмыш байқау «Саясат», «Экономика», «Қоғам», «Мәдениет», «Білім», «Спорт», «Жастар» тақырыптық аталымдары бойынша үздік мақалалар арасында өтті. Сондай-ақ 21 жасқа дейінгі жастарға арналған «Қалам байқауы» жүлдесі сарапқа салынды.
Шараның басты мақсаты - елдің ең үздік журналистерін анықтау және олардың ерік-жігерін ынталандыру. Оның барысында республикалық, аймақтық баспасөз, электрондық бұқаралық ақпарат құралдарынан қазақ және орыс тілдерінде жалпы саны жүзге жуық материалдарды қамтитын 25 тапсырыс келіп түсті. Олар қазылар алқасының мұқият сараптамасынан өтті.
Комиссия қортындысында, тиісті аталымдар бойынша 9 жеңімпаз анықталды. Олардың арасында «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Қазақстан» РТРК телеарнасының редактор-жүргізушісі Қанат Әуесбай, «Әділет БАҚ медиа» газеті бас редакторының орынбасары Мұратбек Тоқтағазин, «Еларна» телеарнасының «Я верю.kz» бағдарламасының жүргізушісі Азамат Алдоңғаров, «7 арна» телеарнасының меншікті тілшісі Ольга Витукевич, облыстық «Ақтөбе» газетінің қызметкері Айгүл Жұбаныш, «Шалқар» радиосының шолушысы Құралай Жұмаханова, «Заң» газетінің қызметкері Елгүл Нұғманова бар. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Журналистика және саясаттану» факультетінің студенті Сымбат Молдатай 21 жасқа дейінгі жастарға арналған «Қалам байқауы» жүлдесінің иегері атанды.
«Қазақстанның бас редакторлар клубы құрылғалы бері елеулі істерді тындырды. Соның бірі - елде алғаш рет Журналист этикасы кодексінің қабылдануы. Енді бүгін біз клубтың ұйымдастыруымен тамаша шара - «Асыл сөз құдіреті» атты байқауының қорытындысын шығарып отырмыз. Бұл байқау журналист атты зейнеті мен бейнеті мол маман иесіне оқырман мен сарапшылар тарапынан берілген үлкен баға», - деді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев салтанатты марапаттау шарасы барысында.
Қазақстанның бас редакторлар клубы 2007 жылы қоғамдық бірлестік ретінде ресми тіркеліп, өз жұмысын бастаған болатын. Осы бес жыл ішінде Клуб сан жағынан да, сапа тұрғысынан да өсіп, едәуір жетістіктерге қол жеткізе білген. Бүгінгі таңда ол 213 республикалық және аймақтық БАҚ бас редакторларын біріктіретін, құрамында 5 аймақтық бөлімшелері бар беделді ұйымның біріне айналып отыр.