Қазақстанның Бас санитарлық дәрігерін денсаулық сақтау вице-министрі ету ұсынылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Атамекен" ұлттық палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов санитарлық-эпидемиологиялық қызметті Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне ауыстырып қана қоймай, оның басшысын вице-министр қызметіне дейін көтеруді ұсынды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде кәсіпкерлерге жүргізілетін санитарлық-эпидемиологиялық тексерістердің саны аз емес. Алайда, кәсіпкерлер тарапынан ол талаптарды орындау жағы әлі де ақсап тұр. Тексерістер кезінде қатаң жазалау шаралары жиі қолданылады. Ал, алдын алу жұмыстары жүргізілмейді, жүйе жоқ. Соның бірден-бір себебі - санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің дұрыс жолға қойылмауы, бір министрліктен екінші министрлікке қайта-қайта ауыстырылуы.
"Бұрын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет денсаулық сақтау саласында "прокуратура" сияқты болған. Ал біздегі реформалардың нәтижесінде ол басқа бір мемлекеттік органға кіріптар болып қалды. Сондықтан бүгінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметті Денсаулық сақтау министрлігіне ауыстырып қана қоймай, аталған қызметтің басшысын министрдің орынбасарына дейін көтеру керек деп ойлаймын. Ондай тәжірибе кеңестер кезінде болған. Соны қайтару қажет. Естеріңізде болса, Қазақстанда бас санитарлық дәрігер ылғи министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Сол кезде аталған қызметтің абыройы болды. Факультеттер жұмыс істеді. Медициналық университеттер арнайы маман оқытты. Білуімше, қазір ондай мамандық жоқ. Соның салдарынан санитарлық-эпидемиологиялық қызметке кәсіби біліктілігі төмен мамандар келеді. Тіпті, медициналық мамандығы жоқ адамдар бар. Ал олардың не үшін келіп жүргені айтпаса да түсінікті", - деді Сүлейменов Бас прокуратурада өткен кеңестің бүгінгі отырысында.
Айта кетейік, бүгінде санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің құрамына кіреді. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қызметін Жандарбек Бекшин атқарады.