Қазақстанның бас ұстазы барша мұғалімдерді мерекелерімен құттықтады
Қазанның алғашқы жексенбісінде барша қазақстандық ұстаздар өздерінің кәсіби мерекелерін тойлайды.
Соған орай, кеш барысында Қазақстанның бас ұстазы - Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов барша мұғалімдер мен оқытушыларды құттықтап, ерекше көзге түскен педагогтарға «Білім саласының құрметті қызметкері» және «Ыбырай Алтынсарин» белгілерін табыс етті.
«Тәрбиеде ата-анадан кейінгі, ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезім құндылықтарын сіңдіруші - ұстаз қауым», деген министр, әрбір адам білімге деген жолдағы өмірлік дағдыларды иемденген алғашқы қадамы үшін ұстаздарына қарыздар екендігін атап көрсетті.
«Ұлттың болашағы - ұрпағында болса, ұрпақтың тәрбиесі - ұстаздардың қолында. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев білім беру - бәсекеге қабілетті мемлекетті қалыптастырудың басты шарттарының бірі ретінде белгілеп, маңыздылығына басты назар аударуда», деді Б. Жұмағұлов.
«Сіздерге жемісті еңбек пен зор денсаулық, шығармашылық табыс пен отбасыларыңа амандық тілеуге рұқсат етіңіздер», деді сөз соңында елдің бас ұстазы Б. Жұмағұлов.
Педагогикалық еңбек ардагерлері мен басқа да құрметті қонақтар шақырылған кеш мерекелік концертке ұласты.
Мұғалімдер күні - бұл білім саласы қызметкерлерінің кәсіби мейрамы. Ол 1994 жылы ЮНЕСКО-мен бекітілген.