Қазақстанның басым бөлігі антициклон ықпалында болады - 19 маусымға арналған ауа райы болжамы
АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанның басым бөлігінде 19 маусым күні антициклон ықпалымен жауын-шашынсыз ауа райы күтілуде, тек республиканың батысында және оңтүстік-батысында атмосфералық ағындар ықпалымен кей жерлерде найзағай жарқылдап, жаңбыр жауады, шаң көтеріліп, ұйтқыған жел тұрады.
Бұл туралы Қазгидрометке сілтеме жасап, ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлайды.
Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Маңғыстау, Атырау облыстарында, күндіз Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде жел 15-20 м/с-қа күшейеді. Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында, күндіз Атырау облысында шаң көтеріліп, дауыл тұрады.
Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды облысының кей жерлерінде қатты ыстық болады деп күтілуде.
Республиканың солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, оңтүстігінде және орталығында кей жерлерде төтенше жоғары өрт қаупі сақталады.
Жақын тәуліктерде республиканың оңтүстік-шығысы және шығысының көптеген тау өзендерінде су деңгейінің тұрақсыздануы байқалады. Қазақстанның қалған сулы нысандарында гидрологиялық тәртіпте айтарлықтай өзгерістер күтілмейді.