Қазақстанның басым бөлігінде 9 қараша күні тұрақсыз ауа райы сақталады - ауа райы
АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат - ҚР-ның басым бөлігінде атмосфералық ағымдардың өтуіне байланысты 9 қараша күні тұрақсыз ауа райы сақталады, кейбір жерлерде жауын-шашын жауып, жел күшейеді, деп хабарлайжы ТЖМ-нің баспасөз қызметінен Қазгидрометке сілтеме жасай отырып.
Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар аймақтарында тұман түсіп, көктайғақ болуы ықтимал, желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейеді.
Жамбыл, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының кейбір жерлерінде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғып, тұман түседі деп күтілуде.
Атырау облысының кейбір жерлеріне тұман түседі.
Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының кейбір жерлерінде желдің күші 15-20 м/с дейін жетеді, Шығыс Қазақстан облысында бұрқасын соғады.
Алматы облысында түнде және таңертең кей аумақтарда тұман түсіп, күндіз Жалаңашкөл ауданында желдің күші 15-20 м/с дейін жетеді, жел екпінінің 25 м/с дейін күшеюі мүмкін.
Алдағы тәулікте Қазақстанның солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс облыстарының көптеген суларын мұз басады, соған байланысты жекелеген өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Республиканың қалған аумағындағы өзендерде су бетінің салқындауы байқалады.