Қазақстанның басым бөлігінде егіс науқаны аяқталуға жақын - АШМ

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Республиканың көптеген өңірлерінде егіс науқаны аяқталуға жақындады. Бұл туралы primeminister.kz сайтына берген сұхбатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің сарапшысы Сағынтай Жұмажанов мәлім етті.

Қазақстанның басым бөлігінде егіс науқаны аяқталуға жақын - АШМ

Сарапшының айтуынша, 6 маусымға дейінгі жағдай бойынша дәнді дақылдар 15 млн гектар аумақта егілген, оның ішінде - 13 млн гектары бидай. Бұл белгіленген жоспардың 99 пайызын құрайды. Барлық дақылдар бойынша егіс қорытынды кезеңде жүріп жатыр. «170 мың гектарға дәнді дақыл егу ғана қалды. Екі-үш күнде егіс толығымен аяқталады», - деді С. Жұмажанов.

Бұдан өзге, 10 маусымға дейін жүгері, күріш, көкөніс және картоп егісі аяқталады. Дала жұмыстары туралы жедел мәлімет бойынша, жүгері 96 мың гектар аумаққа, күріш 89 мың гектарға, майлы дақылдар 1,9 млн гектарға, картоп 173 мың гектарға отырғызылған. Ал, көкөністер мен бақша дақылдары 193,7 мың гектарға егілсе, мақта егісі 138 мың гектарды, қызылша - 5,2 мың гектарды құрайды.