Қазақстанның батыс аймағындағы автожолдардың сапасы сын көтермейді - вице-министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның батыс аймағындағы республикалық автожолдардың жағдайы елдегі көрсеткіштен төмен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның батыс аймағындағы автожолдардың сапасы сын көтермейді - вице-министр

Бұл туралы Орал қаласында ұйымдастырылған өңірлік кеңесте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев айтты. Республикалық автожолдардың сапасы Қазақстан бойынша ол 90 % болса, аймақта - 84 %. Жергілікті жолдардың жағдайы да мәз емес. Тиісті көрсеткіш небәрі 58 % шамасында.

«Бүгінгі таңда батыс өңірде бірқатар жолдар салынып, жаңғыртылуда. Соның бірі - ұзындығы 715 шақырымдық «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» көлік дәлізі. Жақында «Подстепное- Федоровка-РФ шекарасы» автожолын жаңарту басталады. Сондай-ақ, Орал қаласын айналып өтетін «Орал-Атырау» және «Ақтөбе-Ұлғайсын» жолдары бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілуде.

2019 жылы күрделі жөндеу басталған «Казталовка-Жәнібек-РФ шекарасы» және «Өнеге-Бисен-Сайхин» автожолдарының 130 шақырымында биыл қозғалыс ашылып, 2023 жылы толықтай аяқтау жоспарланып отыр», - дейді Камалиев.

Республика бойынша жергілікті жолдардың жалпы ұзындығы 70 мың шақырым болса, соның 11 мың шақырымы - батыс өңірде. Бүгінгі таңда олардың көрсеткіші ең төмен болып отыр, оның ішінде Батыс Қазақстан облысында небәрі 39 %-ды құрайды. Вице-министрдің айтуынша, 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған Кешенді даму жоспарына сәйкес өңірдегі жолдардың нормативтік жағдайын 95 %-ға жеткізу жоспарланып отыр.