Қазақстанның батыс өңірі лаңкестікке тартылғандар саны бойынша көш басында

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның батыс өңірлерінде лаңкестікке тартылғандардың саны көбірек болып отыр, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Қазақстанның батыс өңірі лаңкестікке тартылғандар саны бойынша көш басында

2013 жылы Қазақстанда экстремизм мен лаңкестік фактілері бойынша 83 тұлғаға қатысты 38 қылмыстық іс қаралған. Ең көп істер Атырау, Алматы, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында тіркелген.

Мысалы, қылмыстық істер бойынша Атырау ауданаралық сотында Құрманғазы ауданының бірнеше тұрғындарына қатысты қылмыстық іс қаралды. Олар жылдар бойы радикалды «салафизм» бағытын белсенді үгіттеп келген және әскери «жихад» жасау мақсатында Ауғанстан, Пәкістан, Солтүстік Кавказ бен Сирияға жол тарту қажеттігін насихаттаған.

Лаңкестік топқа біріккен олар, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің аудандық бөлімшесінде, облыс прокуратурасында және Атырау қалалық Ішкі істер басқармасында жанкештілер арқылы лаңкестік актілер жасау мақсатында қолдан жарылғыш заттар жасаған.

Дегенмен бұл әрекеттерін жасауға үлгерген жоқ.

2013 жылдың қазан айында олар 6-дан 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

«Қазіргі уақытта ұлттық заңнаманы жаңғырту аясында Қылмыстық кодекстің жаңа жобасында лаңкестік топты құру және оның жұмысына септесу қылмыстарына жаза күшейтілді. Мысалы, Қазақстаннан тыс мемлекеттерде әскери құрылымдарға кіру, лаңкестік және экстремистік жаттығуға қатысу, шет елдегі қаруланған қақтығыстарға қатысу сынды қылмыстарға жаза қолданылатын болады», - делінген хабарламада.