Қазақстанның Беларус Республикасындағы Елшісі қазақстандық студенттермен кездесу өткізді
МИНСК. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат - Қазақстанның Беларус Республикасындағы Елшісі Анатолий Смирнов беларус жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен және курсанттармен кездесу өткізді.
ҚазАқпаратқа Қазақстан Елшілігінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, кездесу барысында елші жастарды Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі мәселелерімен таныстырды. Анатолий Смирнов өз сөзінде студенттерге әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайындағы мемлекеттік экономикалық саясатын түсіндіре келе, Үкіметтің әлеуметтік төлемдерді арттыру, оның ішінде 2010 жылы стипендияны ? 25 пайызға, 2011 жылы - тағы 30 пайызға арттыру бойынша өз міндеттемелерін орындауға кепілдік беріп отырғанын атап көрсетті. Мемлекеттің қазіргі жағдайда қиналып отырған студенттерге қолдау көрсету мақсатында, қосымша 11 мың грант және 40 мың несие бөлуді қарастырып отырғанын да айтты. А.Смирнов кездесуде сондай-ақ Елшіліктің жұмысы мен қазақстан-беларус ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы да әңгімелеп берді.