Қазақстанның бес облысында 1,5 млн. гектар егістік алқабы күйіп кеткен
АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен «Қазақстан фермерлері одағы» РҚБ Орталық кеңесінің мәжілісінде ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері биыл күйіп кеткен астық мәселесін көтеріп, мемлекеттен тиісті көмек көрсетуді сұрады.
Шаруалардың сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы астық алқаптарының басым бөлігі орналасқан Ақтөбе, Батыс Қазақстан Қостанай, Ақмола және Қарағанды облыстарында егістіктің 1,5 млн. гектары күйіп кеткен. Осы іспетті жағдай тіркелген Қазақстанмен шекаралас Ресей аймақтарында бүгінде төтенше жағдай жарияланып, ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне 1 гектар үшін 1,5 мың рубль (7,5 мың теңге) көлемінде өтемақы төлеу туралы шешім қабылданды.
«Негізі, бұл - әлемдік тәжірибе. Ауа райының қолайсыдығы туғызған қиындықтар кезінде мемлекет отандық ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне қолдау жасайды. Мәселен, Еуроодақ елдерінде ешбір төтенше жағдайсыз да мемлекеттік субсидиялар 360 еуро/ гектарды құрап отыр. Қазақстанда болса, ол көрсеткіш 400-600 теңгенің шамасында. Бұл - 3-ақ еуро. Демек, біздің субсидиялар Еуропамен салыстырғанда, 120 есеге аз. Бұл - төтенше жағдай болмаған кездегі субсидиялар. Ал қазіргі жағдайда біз мемлекеттің көмегіне аса зәру болып отырмыз», - дейді Қазақстан фермерлері одағының президенті Әуезхан Дарынов.