Қазақстанның біліміне деген халықаралық сұранысты қалыптастыруға болады - Халықаралық зерттеу агенттігінің директоры

СТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Болашақта Қазақстанның біліміне деген халықаралық сұраныстың болуы заңды.

Қазақстанның біліміне деген халықаралық сұранысты қалыптастыруға болады - Халықаралық зерттеу агенттігінің директоры

Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде семинар өткізген Халықаралық зерттеу агенттігінің аймақтық директоры Зоя Зайцева осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, мамандардың болжамы бойынша шетелде білім алатын жастардың үлесі жыл сайын өсетін болады. «Сондықтан осы халықаралық білім беру үрдісіне қатысып, өзінің атын шығаруға ұмтылатын университеттер үшін бұл үлкен мүмкіндік. Осы орайда Қазақстанның біліміне деген сұраныстың болуы заңды. Мәселен, шетелден келетін жастар мұнай-газ және аймақтық зерттеулер бойынша білім алуға ниетті. Ол үшін, ең бірінші, шетелдіктер Қазақстанда қанша университет бар екенін білуі тиіс. Екіншіден, ол жоғары оқу орындарындағы білім деңгейі және онда оқығаннан кейін қандай қызметтік жетістіктерге жете алатындағы жайында жан-жақты хабардар болуы қажет», - дейді З.Зайцева.

Маманның пікірінше, бүгінгі таңда кез келген университетті халықаралық деңгейге шығару үшін, ең алдымен, ол туралы барлық ақпаратты ағылшын тілінде тарату қажет. «Университеттің веб-сайтындағы барлық мәліметтер үнемі ағылшын тіліне аударылып отыруы тиіс. Мәселен, біздің агенттікте 100-ден астам маман қызмет етуде. Олардың 2-уі ғана орыс тілінде ақпарат жинайды. Қалған сарапшылардың бәрі ағылшын тіліндегі мәліметтермен жұмыс істеуде. Сондықтан университеттердің рейтингсін әзірлеу барысында ағылшын тілінде ұсынылған ақпараттарға баса назар аударылады. Осының негізінде халықаралық рейтинг даярланып, жоғары оқу орындары бүкіл әлемге танылады», - дейді З.Зайцева.

Айта кетейік, аталған Халықаралық зерттеу агенттігінің 2009 жылғы рейтингісіне қатысқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті және Евней Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті әлемдегі үздік 700 университеттердің қатарынан көріне білді. Ал Гарвард университеті 2004 жылдан бері бірінші орыннан түспей келеді.