Қазақстанның бірқатар облыстарында тұмаудың эпидемиологиялық деңгейі жоғары - Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, қазіргі таңда Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында тыныс жолының өткір вирустық инфекциясының эпидемиологиялық деңгейі шамадан асып отыр.

Қазақстанның бірқатар облыстарында  тұмаудың   эпидемиологиялық деңгейі  жоғары   - Денсаулық сақтау министрлігі

Науқастардың негізгі үлесін жаңа туған сәбиден бастап 14 жасқа дейінгі балалар құрап отыр, олардың үлес салмағы 69,5 пайыз.

Медициналық көмекке жүгінгендердің 3,7 пайызы тыныс жолының өткір вирустық инфекциясы және тұмау диагноздарымен ауруханаға жатқызылған.

Республиканың мектепке дейінгі және жалпы білім беру мекемелері қалыпты режимде жұмыс істеуде. Вакцинация тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі болып табылады, республикада 2009-2010 жылдардағы эпидемиялық маусымда 464 400 адам егілсе, бүгінгі таңда жалпы егілгендердің саны 848 067 адамды құрап отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі басталғалы отырған Азиялық ойындарға байланысты, Астана, Алматы қалаларының әуежайлары мен вокзалдарының, қонақүй кешендерінің, қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының санитариялық-гигиеналық жағдайын бақылауды күшейтіп отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, Еуропаның төрт елінде (Ұлыбритания, Ирландия, Норвегия және Дания) тұмаумен ауырудың деңгейі жоғары, қалған елдерде тұмаудың эпидемиялық белсенділігі орташа қарқында. Көрші Ресейдің солтүстік өңірлерінде эпидемиологиялық көрсеткіш орташадан жоғары.