Қазақстанның бірқатар өңірлерінде республикалық жолдар жабылды-«Қазақавтожол»

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қатты аязға байланысты Қазақстанның бірқатар өңірлерінде республикалық  жолдар жабылды. Бұл туралы бүгін «Қазақавтожол» РМК баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстанның бірқатар өңірлерінде республикалық жолдар жабылды-«Қазақавтожол»

Атап айтқанда, 16:30-дан бастап ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты Павлодар облысы бойынша барлық бағыттарда автокөліктің барлық түрлеріне жолға шығуға тыйым салынды.  

Сонымен қатар бүгін кешқұрым Қарағанды облысы бойынша барлық бағыттарда қоғамдық, жүк және дизель отынымен жүретін автокөліктердің қозғалысына шектеу енгізілді.

Бұдан бөлек, сағат 17:00-дeн бастап Шығыс Қазақстан облысы бойынша барлық бағыттарда қоғамдық және дизель отынымен жүретін автокөліктер үшін жол жабылды.

2012 ж 14 желтоқсан "Омбы-Майқапшағай" жолының  587-733 шақырымындағы "Павлодар обл. шекарасы-Семей қаласы" аралығында да  автокөліктің барлық түрлері үшін  шектеу қойылды.

Ал Алматы облысы бойынша сағат 17:00-дeн бері ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты "Алматы-Өскемен" автожолының 558-615 шақырымындағы  "Рубеж бекеті- Шығыс Қазақстан облысы шекарасы" аралығында қоғамдық және дизель отынымен жүретін автокөліктің қозғалысына тыйым салынды. 

Айта кетейік, кеше сағат 19:00-дeн бастап ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты Ақмола облысы бойынша барлық бағыттарда  қоғамдық, жүк және дизель автокөлігінің қозғалысына шектеу енгізілген болатын.