Қазақстанның бірқатар жолдарында көлік қозғалысы шектелді
АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Боранға байланысты бүгін кешқұрым еліміздің бірқатар облыстарындағы жолдарда көлік қозғалысы шектелді. Бұл туралы «Қазақавтожол» РМК-ның баспасөз қызметінен хабарлады.
Ақмола облысы аумағындағы қолайсыз ауа райына байланысты сағат 17:30-дан бастап «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» автожолының 232-260 шақырымындағы Қостанай облысы шекарасы мен Сұрған учаскесі аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жол жабылды. Сонымен қатар «Жақсы-Есіл-Бұзылық» жолының 0-82 шақырымында, «Жезқазған-Петропавловск» жолының 377-595 шақырымындағы Қостанай облысы шекарасы мен СҚО аралығында, сондай-ақ «Екатеринбор-Алматы» автожолының 856-990 шақырымындағы СҚО-шекарасы мен Атбасар учаскесінде қозғалыс шектелді.
Ал Қостанай облысында аумағында боранға байланысты «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» жолының 108-232 шақырымындағы Әулиекөл мен Ақмола облысы аралығында, «Жезқазған-Петропавловск» жолының 252-377 шақырымындағы Қарағанды облысы шекарасы мен Ақмола облысы шекарасы учаскесінде жолдар жабылды.
Ақтөбе облысындағы «Самара-Шымкент» жолының 773-965 шақырымындағы Ақтөбе мен Қарабұтақ, «Ақтөбе-РФ шекарасы» жолының 21-135 шақырымындағы Пригородный мен РФ шекарасы учаскесінде, «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» жолының 91-257 шақырымындағы Ембі мен Шалқар аралығында, «Қарабұтақ-Рудный-Қостанай» жолының 0-231 шақырымындағы Қарабұтақ пен Қостанай облысы шекарасы аралығында көлік қозғалысына шектеу енгізілді.
«Қазақавтожол» РМК-да автомобиль жолдарының жабылған учаскелері жөнінде халықты хабардар ету үшін тәулік бойы диспетчерлік қызмет жұмыс істейді: Астана қаласында 8 (7172) 444-777 телефоны арқылы мәлімет алуға болады.