Қазақстанның болашаққа белгілеген ұлы міндеттерін орындауға Елбасының өзі бастап баруы тиіс - Қ. Айтаханов
АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның болашаққа белгілеген ұлы міндеттерін орындауға Елбасының өзі бастап баруы тиіс. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «ҚР Конституциясына өзгеріс енгізу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің республикалық референдум тағайындауы туралы» Парламент депутаттарының ұсынысын талқылау барысында сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті.
«Еліміз тәуелсіздіктің 20 жылдығына қарай қадам басты. Осы тарихи қысқа мерзімде тәуелсіз Қазақстан Президент Н. Назарбаевтың басшылығымен небір қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, толағай табыстарға жетті. Қарқынды даму жолына түсті. Ел де, қоғам да, заман да жаңғырды. Н. Назарбаев Қазақ елін бүкіл әлемге танытты. Әрбір қазақстандық өзіне «бұрын кім едік, қазір кімбіз?» деген сұрақты қойып ойланса, бздің еліміздің бүгінгі жетістіктері көз алдымызға келеді. Көкірегіңді өз еліңе, Елбасыңа деген ризашылық сезімдер мақтанышы кернейді. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың есімі өз ұлтымыздың ғана емес, бүкіл түркі жұртының көсемі ретінде төрткүл дүниеге тегіс мәлім», - деді депутат.
Оның айтуынша, Қазақстанның алдында Мемлекет басшысы белгілеп берген өте күрделі, биік міндеттер мен асқаралы асулар тұр. Осыған орай, сенатор «еліміздің тұрақты әрі қарышты дамуын қамтамасыз ететін ұлы міндеттерді орындауға, Қазақстанның негізін қалаушы және оны құрушы әлем мойындаған қайраткер Н. Назарбаевтың өзі бастап баруы тиіс» деген пікірін жеткізді.
«Сондықтан, еліміздің жарқын болашағы үшін Тұңғыш Президент - Елбасы Н. Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту туралы үндеуді, соған байланысты Конституцияға енгізілген өзгерістерді қолдауға шақырамын. Бұл елдің елдігін, ұлтымыздың ұлылығын халқымыздың бірлігін танытады», - деді Қ. Айтаханов.