Қазақстанның Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұралар конвенциясына қосылғанына 15 жыл толды
АЛМАТЫ. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұралар конвенциясына қосылғанына 15 жыл толса да Әлемдік мұралар тізіміне бізден бір ғана аумақ еніп отыр.
Оны «Зеленое спасение» экологиялық қоғамының төрағасы Сергей Куратов бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Заңға үнемі өзгерістер енгізу қорғауға алынған аумақтың мінсіз қорғалуын төмендетіп, жемқорлыққа, асыра сілтеушілікке, алаяқтыққа жол ашуда. Заң бұзушылықтар жаппай сипат алды. Мәселен 2007 жылы қарашаның 30-ында Бас прокуратура Үлкен және Кіші Алматы шатқалында, соның ішінде Іле Алатауы ұлттық паркі аумағындағы құрылыстар мен жер телімдеріндегі заңсыз әрекеттер туралы мәлімдеген еді. Онда ерекше қорғалатын аймақтарға қатысты 211, су туралы заң бойынша 228 заң бұзушылық, өз бетінше жер басып алудың 39 фактісін анықтаған. Алайда, бұл тексерудің қорытындысы бойынша ешқандай шара қабылданған жоқ», дейді «Зеленое спасение» экологиялық қоғамының төрағасы Сергей Куратов.
Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұралар конвенциясына Қазақстан 1994 жылы сәуірдің 29-ында қосылған болатын. Әлемдік мұралар тізіміне тек 2008 жылы шілденің 8-інде «Сарыарқа ? Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері» деп аталатын алғашқы табиғат аймағы енгізілді. Қазақстан ұсынған өзге аумақтар әлі нөмірленбеген. Сергей Куратовтың айтуынша, бұған ең алдымен елде әлі күнге дейін қоршаған ортаны болашақ ұрпақ үшін сақтауға бағытталған бірыңғай экологиялық саясаттың болмауы себеп болуда.