Қазақстанның БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүше болуы еліміздегі адам құқықтарын қорғау саласындағы табыстарының мойындалуы - Қ. Мәми
«Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болып сайланды. Осынау орасан жетістік біздің еліміздің халықаралық беделінің көрінісі әрі адам құқықтарын қорғау саласындағы табыстарының мойындалуы болып табылады. Қазақстанда гендерлік теңдік, діни сенім бостандығы қамтамасыз етілді, әлеуметтік әлсіз топтар ұдайы қолдау тауып келеді. Дағдарыс кезінде мемлекет қатардағы үлескерлердің құқықтары мен мүдделерін барынша қорғап отырды», - деп жазады Сенат спикері.
Бұдан бөлек, Төраға Қ. Мәми Қазақстанның адам құқықтары саласындағы БҰҰ-ның барлық негізгі конвенцияларына қосылғанын, бұл жұмыс үздіксіз жүруде екенін алға тартады. «Мысалы, кеше Президент Н.Ә.Назарбаев Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы конвенцияны ратификациялау жөніндегі заңға қол қойды. Қазақстан Парламенті де өз тарапынан азаматтар құқықтарын қорғау, азаматтық қоғам институттарын нығайту саласындағы мемлекеттік саясатты заңнамалық тұрғыда қолдауды жалғастыра береді», - деп жазады Сенат Төрағасы.