Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуының 25 жылдығына арналған пошталық марка қолданысқа енгізілді

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлайды.
Рәсімге сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев пен «Қазпошта» акционерлік қоғамының атқарушы директоры Сәуле Егембердиева қатысты.
«БҰҰ-ға мүше болған жылдары Қазақстан мемлекеттердің халықаралық қауымдастығына сәтті енумен ғана шектеле қоймай, онда салмақты орынға иеленді. Түрлі жылдары еліміз БҰҰ алаңшаларында әлемдік қоғамдастық талап еткен бастамаларды, соның ішінде АӨСШК-ні іске асырды», - деді Е. Ашықбаев алғысөзінде.
Сондай-ақ, сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары «ширек ғасыр ішінде әлемдік саясатта беделді орынды иеленген АӨСШК Азиядағы қауіпсіздік пен сенім шараларының тиімді құралы мәртебесін алуына толықтай негізі бар» екенін атап өтті.
«Ұмытылмас және мерейтойлық даталар» сериясынан ұсынылған пошталық маркалар төртбояулы офсетті баспамен, 20 маркадан тұратын маркалы парақ түрінде жасалған. Таралымы 10 000 дананы құрайды.