Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30 жылдығына арналған пошта маркасы шығарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуының 30 жылдығына» орай арнайы пошта маркасы айналымға енгізілді. ҚазАқпарат бұл туралы «Қазпошта» АҚ-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30 жылдығына арналған пошта маркасы шығарылды

«Естелік және мерейтойлық күндер» сериясындағы марканы «Қазпошта» АҚ БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігімен және Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп шығарды.

Марканың өлшемі 26 х 29,6 мм, таралымы – 10 000 дана. Номиналы – 700 теңге. Суретшісі – Эльнара Байназарова.

«Марка кескіндемесінің негізі ретінде домбыраның таңдалуы кездейсоқ емес. Өйткені қазақтың дәстүрлі домбыра күйі ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізілген.

Біз Қазақстанның осы отыз жыл ішінде тұрақты даму жөніндегі іс-әрекетін құптаймыз. Естелік пошта маркасының шығарылымы Қазақстанның сыртқы саясаты тарихындағы маңызды белес және тұрақты даму мақсаттарына бейімдігі туралы қоғам хабардарлығын арттырудың белгісі болып табылады», - деді БҰҰ-ның Қазақстандағы басшысы Микаэла Фриберг-Стори.