Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы қазақ халқының табысы - Елбасы
«Бұл біздің тарихымыз үшін өте маңызды, бұрын-соңды болмаған шара. Бүкіл дүниенің осындай ұйымын басқару, нұсқау беру, не істеу керектігін айту - мұның барлығы үлкен табысымыз деп санаймын. Менің жеке басымның табысы емес қазақ халқының, Қазақстанның табысы. Артымызда халқымыз тұрғаннан кейін елге қызмет істеп, жақсылық жасау үшін жүріп жатырмыз», - деді Елбасы.
Мемлкет басшысы сұхбат барысында Қазақстан мен АҚШ байланыстарына да кеңінен тоқталып өтті.
«АҚШ-тың дүниежүзіндегі ең алып ел екендігі барлығымызға да белгілі. Жақын арада АҚШ-тың орнына келе қалатын дүниеде мемлекет жоқ. Жақынырақ келе жатқан Қытай шығар. Бірақ ол да әлі көп шаруа жасауы керек. Сондықтан осындай елмен, әсіресе ғылыми-техникалық жағынан дамып келе жатқан елмен қарым-қатынас жасау біз үшін өте қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы еліміздің үшінші жаңғыруы, индустриялық, инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін АҚШ-пен екіжақты байланысттарды нығайта түсу қажеттігіне назар аударды.
«Кешегі Жолдауда айтылған мәселелерді жүзеге асыру үшін төртінші технологиялық революцияға өтіп, Цифрлық технологияны дамытамыз деп отырмыз. Ал оның барлығы да осы жерде», - деді ҚР Президенті.