«Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамының басқарушы директоры-басқарма мүшесі тағайындалды
АСТАНА. Тамыздың 11-і. ҚазАқпарат - «Қазақстанның Даму банкі» АҚ Директорлар кеңесінің 2009 жылғы тамыздың 5-індегі шешімімен Арман Қасенов «Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамының басқарушы директоры-басқарма мүшесі болып тағайындалды,
деп хабарлады банктің баспасөз қызметінен.
Арман Бақытжанұлы Қасенов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. «Болашақ» президенттік бағдарламасының стипендиаты, Лондон бизнес мектебінің қаржы саласындағы магистрі, Кембридж Университетінің Judge Business School кәсіптік білім бағдарламасын бітірген. Тікелей инвестициялар, корпоративтік несие, тәуекелдерді басқару салалары бойынша республиканың ірі қаржылық институттарында түрлі лауазымдық қызметтер атқарған. 2008 жылдан бері «Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамының басқарушы директоры. Банк сараптамасы үдерісін ұйымдастыру және үйлестіру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерімен айналысқан.
Директорлар кеңесінің 2009 жылғы шілденің 30-ындағы шешімімен Қалия Сәлімбаева, басқа қызметке ауысуына байланысты, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ басқарушы директоры-басқарма мүшесі қызметінен босатылды.