Қазақстанның Даму Банкі «Al Hilal» банкімен бірігіп исламдық қаржыландыруға дем бермек
Бүгін Қазақстан даму банкінің төрағасы Болат Жәмішев, «AlHilal» Ислам банкі тарапынан Прасад Абрахам және «ҚДБ-Лизинг» тарапынан Алексей Боев осыған байланысты меморандумға қол қойды. Бұл туралы банктің баспасөз қызметінен хабарлады. Меморандумға сәйкес, тараптар Қазақстанда исламдық қаржы өнімдерінің бірінен саналатын «Иджараны» ілгері жылжытуды жоспарлап отыр. Мамандардың айтуынша, мүлікті сатып алу немесе оны кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беруді көздейтін бұл құрал қазіргі таңда тұтынушылар үшін қажеттіліктен шыға алады. Тоқтала кететін жайт, «ҚДБ-Лизинг» осындай жобаларды қаржыландырған кезде «Al Hilal» Ислам банкі» оған әдістемелік көмек көрсетпек. «Біз алдымызға қаржы құралдарының қатарын кеңейту мақсатын қойып отырмыз. Соның ішінде еншілес компаниямыз «ҚДБ-Лизинг» қызметіне «Иджара» исламдық қаржыландыруын енгізу арқылы кеңейту мақсатын қоямыз. Біздің жоспарларымызды жүзеге асыру барысында серпінді дамып келе жатқан Біріккен Араб Әмірліктеріндегі банктерінің бірі - «Al Hilal» Ислам банкінің» тәжірибесіне сүйену өз нәтижесін береді деп сенеміз», - деді ҚДБ басшысы Болат Жәмішев. «Al Hilal» Ислам банкі» АҚ Басқарма Төрағасы Прасад Абрахам соңғы жылдары исламдық қаржы құралдары әлем елдері үшін аса тартымды құралға айнала бастағанын атап өтті. «Бүгін біз екі жетекші ойыншы Қазақстанда исламдық қаржыландыру саласында күштерін біріктіріп жатқан көрнекті оқиғаға куә болып отырмыз. «Аl Hilal» Ислам банкі» АҚ ислам қаржысындағы ауқымды тәжірибесін «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ға исламдық өнімдер мен қызметтерді іске қосуға болысу мақсатында қолданады. Ол өнімдер мен қызметтер, өз кезегінде, Қазақстан экономикасын дамытуға бағытталады», - деді ол.