Қазақстанның даму қарқыны біршама төмендеп отыр ? Үкімет басшысы

АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Жыл басынан бері Қазақстанның даму қарқыны біршама төмендеп отыр.

Қазақстанның даму қарқыны біршама төмендеп отыр ? Үкімет басшысы
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2009-2011 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстанның даму қарқыны біршама төмендеп отыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, ағымдағы жылдың қаңтарында республикамыздың ішкі жалпы өнімі 1,2 пайызға төмендеген. Сондай-ақ өткен екі айда өнеркәсіптік өндіріс 3,2 пайызға, ал құрылыс жұмыстарының ауқымы 11,5 пайызға азайған. Жұмыссыздық деңгейі қаңтар айында 6,9 пайызға, ақпан айында 7,1 пайызға артты», деді К. Мәсімов. Сонымен бірге қазіргі таңда дағдарысқа қарсы іс-шаралар бағдарламасының жүзеге аса бастағанын айтқан Премьер-Министр мұндағы ең басты мақсат - әлемдік дағдарыс жағдайында экономиканың толыққанды қызметін қамтамасыз ету ең басты міндет болатынын атап өтті. «Осы бағыттағы ең бірінші қолға алынатын шара экономиканың күретамыры болып табылатын банк секторын тұрақтандыру шарасы қамтылды. 4 жүйе құрушы банкке қосымша капиталдандыру шарасы арқасында 480 млрд. теңге бөлініп, экономиканы несиелеуге жұмыс істеп жатыр. Тағы бір маңызды қадам - үлескерлердің құқын қорғай отырып, тұрғын үй құрылысын жандандыру болып отыр. Жыл басынан бері мемлекеттік қолдаудың түрлі арналары бойынша 1,5 мың үлескер мәселесі шешілді. Астана қаласы бойынша жыл соңына дейін 99 нысан пайдалануға беріліп, 17 мың үлескер өз баспанасына ие болады», деді К. Мәсімов.