Қазақстанның денсаулық сақтау саласында жеке инвестицияны тартуға екпін қойылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның денсаулық сақтау саласында жеке инвестицияны тартуға екпін қойылады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов осылай мәлім етті.

Қазақстанның денсаулық сақтау саласында жеке инвестицияны тартуға екпін қойылады

«Жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында негізгі екпін жеке инвестицияларды тартуға қойылады. Мемлекет және Үкімет инфрақұрылымды дамытуға, құрылысқа, жабдықтауға инвестициялар көлемін қысқартады және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке басымдық беріледі», - деді вице-министр.

Осы орайда ол елімізде жеке секторға тиісті жағдай жасалатынын атап өтті.

«Яғни, жеке сектор жүйеге кіріп, халық үшін медициналық қызметтерді көрсетеді, сондай-ақ бұл шаралар міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен төленеді. Сонымен қатар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі де болады»,-деді Е. Біртанов.

Министрлік мәліметіне қарағанда, денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілетін болады (әрі қарай - МӘМС). Мемлекет азаматтардың 15 санаты үшін (оның ішінде 12-сі халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары) жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер - жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.

Бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Аталған құжатқа сәйкес, биылғы жылы нормативтік-құқықтық база жасалып, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылатын болады (әрі қарай - ӘМСҚ). Бұл 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап белгіленген соманы жинақтау және 2017 жылғы 1 шілдеден бастап ӘМСҚ арқылы медициналық қызметтер төлемдерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.