Қазақстанның ДСҰ аясындағы ауыл шаруашылығы бағытындағы келіссөздері күрделі күйінде қалып отыр- Ж. Айтжанова
АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат - ДСҰ аясындағы ауыл шаруашылығы субсидияларына қатысты келіссөздер күрделі күйінде әлі де жалғасып жатыр. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова осылай мәлім етті.
Баяндама барысында министр Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы субсидияларына қатысты өте күрделі келіссөздер әлі жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттердің бірі бұл болашақта ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін мемлекеттік субсидиялардың жеткілікті көлемі туралы келісімге қол жеткізу болып табылады. «Осы ретте ДСҰ талаптары бойынша ауыл шаруашылығы саласының институционалдық дамуына және ауыл инфрақұрылымына салуға бағытталған мемлекет тарапынан берілетін субсидияларды немесе көмекті шектеусіз жүзеге асыра алатынын айту қажет. Бүгінгі күні бұл көмектің мөлшері 47,4 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл ДСҰ-ға өткеннен кейін де мемлекет тарапынан еш шектеусіз артыла береді», деді Ж. Айтжанова.
Оның сөзіне қарағанда қазіргі келіссөздер барысында отандық және ауыл шаруашылық тауарлар бағасы мен өзіндік құнына әсер ететін субсидиялар көлемі талқыланып отыр. Аталмыш шараларға жанармай құнының, асыл тұқымды өнімнің және минералдық тыңайтқыштардың бағасын арзандатуға бағытталған субсидиялар және пайыздық ставкалары жеңілдетілген агронесиелер секілді мемлекеттік көмектер жатады. «Мұндай субсидиялар аясында біздің келіссөздеріміз әлі жалғасып жатыр. Жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы келіссөздер Үкіметтің «Агробизнес-2020» бағдарламасында қарастырылған субсидиялар шеңберінде жүргізіліп отыр. Бұл келіссөздердің нәтижесі Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына аса маңызды. Өйткені халқымыздың жартысы ауылдық жерлерде тіршілік етіп жатыр», -деді Ж. Айтжанова.