Қазақстанның екі азаматы 60 тоннадан астам тауарды шекарадан заңсыз алып өтпек болған - Ұлттық қауіпсіздік комитеті
АСТАНА. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат - Сәрсенбі күні «Солтүстік» аймақтық басқармасының Петропавл шекара отрядының учаскесінде Қазақстанның екі азаматы Ресеймен арадағы шекараны заңсыз кесіп өтпек болған жерінде ұсталды,
деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінен.
Олар 60 тоннадан астам халық тұтынатын тауарлар тиелген үш көлікпен шекараны кесіп өтпек болған. Бірақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі мен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҰҚК департаменті қызметкерлерінің қолына түскен.
Комитеттің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Шекара қызметі «Оңтүстік» аймақтық басқармасының Жетісай шекара отрядының учаскесінде Өзбекстанның 23 азаматы ұсталған. Олар мемлекеттік шекарадағы өткізу бекетінен тыс жерден Қазақстанға өтпек болған.
Анықталған фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметінен.