Қазақстанның екі қорығы ЮНЕСКО тізіміне енді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы екі биосфералық қорық Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның екі қорығы ЮНЕСКО тізіміне енді

«Бүгін ЮНЕСКО-ның МАБ халықаралық координациялық кеңесінің шешімімен («Адам және биосфера» бағдарламасы) Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне Шарын және Жоңғар Алатауы ұлттық парктері қосылды», - деп жазды комитеттің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында.

Осылайша, Қазақстанның биосфералық резерваттарының тізіміне ұлттық 10 қорық кіреді. Олардың қатарында Ақжайық, Ақсу-Жабағылы, Қорғалжын, Алакөл, Қатон-Қарағай, Барсакелмес, Қаратау, Алтынемел, Шарын және Жоңғар Алатауы, сондай-ақ, трансшекаралық биосфералық резерваттардың бірі Үлкен Алтай бар.

Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісі ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы аясында құрылған.

Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аймақтары үшін ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваты мәртебесі өте маңызды. Себебі біздің табиғи аймақтарымыздың құндылықтарын халықаралық деңгейде мойындатуға мүмкіндік береді.