Қазақстанның екінші боксшысы Әлем чемпионатындағы жарысын аяқтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан Бокстан әлем чемпионатында өзінің алғашқы кездесуін 52 келі салмақ дәрежесіне дейінгі спортшымыз Азамат Исақұлов өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Оның қарсыласы Оңтүстік Корея өкілі болды. Жекпе-жек біржақты өтті, Инкью Ким қазақстандық боксшыны айқын басымдықпен жеңді, есеп - 0:5. 

Айта кетейік, 26 тамыз күні Әлем чемпионаты аясындағы алғашқы жекпе-жектерін Қазақстанның үш боксшысы өткізді.

Бұған дейін Абылайхан Жүсіпов (69 келіге дейін) мысырлық Валид Саид Мохамедті төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді. Ал грузин Отар Ераносянмен кездескен Әділет Құрметов (60 келіге дейін) байрақты додадағы жарысын аяқтауға мәжбүр болды.

Еске салайық , 25 тамыз күні шаршы алаңға алғашқы болып шыққан 49 келіге дейінгі салмақтағы боксшымыз Ержан Жомарт гватемалалық қарсыласы Майкл Телье Тельені қапы қалдырса, 56 келіде сынға түскен Қайрат Ералиев те бірінші айқасын жеңіспен бастады. Ералиев бірінші жекпе-жегінде мексикалық Кристофер Флорес Магананы айқын басымдықпен ұтты. 

Әлем чемпионатында үшінші болып рингке шыққан 75 келілік боксшымыз Әбілхан Аманқұл да  қарсыласы - австралиялық Кэмпбэлл Сомервилді айқын басымдықпен жеңген болатын.

Сондай-ақ 64 келіге дейінгі салмақтағы Бекдәулет Ибрагимов  байрақты додадағы жарысын жеңіспен бастады.

Еске салайық, 25 тамыз күні басталған Бокстан әлем чемпионаты тоғыз күнге жалғасып, 2 қыркүйек күні мәреге жетеді. Қазақстан құрамасы барлық 10 салмақ дәрежесінде сынға түсетін болады. Олар  - 49 келі салмақта Ержан Жомарт, 52 келі салмақта Азамат Исақұлов, 56 келі салмақта Қайрат Ералиев, 60 келіде Әділет Құрметов, 64 келіде Бекдәулет Ибрагимов, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Ерік Әлжанов, 91 келіде Василий Левит және аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев.

Жарысқа әлемнің 85 елінен 280 боксшы келген.

 

Соңғы жаңалықтар