«Қазақстанның экономикалық дипломатиясы: Шығыстан Батысқа» форумы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың сәуір айында «Қазақстанның экономикалық дипломатиясы: Шығыстан Батысқа» форумы өтеді. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Қайрат Әбдірахманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2018 жылдың сәуір айында біздің дипломатиялық корпустың қатысымен бірнеше іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Солардың бірі - ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өтетін «Қазақстанның экономикалық дипломатиясы: Шығыстан Батысқа» форумы және елімізде аккредиттелген шет мемлекеттердің Елшілері әрі Қазақстанның жетекші іскер құрылымдары мен бизнесмендерін біріктіретін Дипломатиялық бизнес-клубтың қатысуымен экспорттық стратегиямызды таныстыруға арналған ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен, «KazakhExport» ҰК» АҚ-мен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлескен брифинг», - деді Қайрат Әбдірахманов.
Министрдің сөзіне қарағанда, еліміздің сыртқы саясат ведомствосы қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының өнімдерін сыртқы нарықтарға ілгерілету жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Іс-шаралар ұйымдастырылып, ресми және іскерлік делегациялардың сапарлары орын алуда. Сонымен қатар шетелдік мемлекеттік органдармен және компаниялармен келіссөздер жүргізуге жәрдем көрсетіп жатыр.
«Қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің қазақстандық компанияларының басым бөлігінің экспортты ілгерілету немесе инвестициялар тарту туралы өтініштері пысықталды. Олардың ішінде «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ, «Қазарнайыэкспорт» РМК, «Семей Инжиниринг» АҚ, «ЗКМК» АҚ, «Киров атындағы зауыт» АҚ, «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС және басқаларын атап көрсетуге болады», - деді ол.