Қазақстанның экспорттық тауарлары 1,6 пайызға қымбаттады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы қаңтар-наурызда экспортталатын тауарларға баға - 1,6, ал импортталатын тауарларға 2,1 пайызға жоғарылады. Мұндай деректі ҚР ҰЭМ Статистика комитеті жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ведомство мәліметінше, өткен кезеңде экспорттық жеткізілімдер бағасы темір кендеріне - 24,3, көмірге - 17,2, қорғасынға - 8,1, порландцементке - 5,1, мыс кендеріне - 4,7, мұнайға 3,4 пайызға жоғарылады. Ал ферроқорытпаларға - 9,8, қара металл илегіне - 3,2, алюминийге - 1,2, мырыш кендеріне - 2, хром кендеріне 1,7 пайызға төмендеді. Бағаның бидайға - 4,1, арпаға - 1,9, мақтаға - 2,6, жүнге 0,4 пайызға жоғарылауы, олардың жармаларға - 5,4, қантқа 1,5 пайызға төмендеуі тіркелді.
"Импортталатын өнімдерден көкөністер - 28,5, шұжық өнімдері - 7,1, сүт өнімдері - 3,9, балық - 3,7, құс еті - 2,4, маргарин - 2,2, шай - 1,8, өсімдік майы - 1,7, кофе - 1,5 пайызға қымбаттап, қант - 1,1, темекі 0,8 пайызға төмендеді. Баға пластмассаға - 3,1, қағазға - 2,7, аяқкиімге - 2,6, құрылыс материалдарға 2,5 пайызға жоғарылады, былғарыға 0,8 пайызға арзандады", - делінген комитет ақпаратында.