Қазақстанның электрондық лицензиялау жүйесі «E-Business» санатында ең үздік жоба деп танылды
АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Швейцарияның Женева қаласында WSIS Project Prizes 2013 халықаралық байқауының нәтижелері жария етілді. Байқау ақпараттық қоғам мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі бүкіләмдік кездесу Форумы шеңберінде өтті. Соған орай, Қазақстанның электрондық лицензиялау жүйесі (www.elicense.kz) «E-Business» санаты бойынша ең үздік жоба деп танылды. Еске салсақ, байқауға әлемнің 64 мемлекетінің 280 жобасы қатысқан болатын. Бұл туралы Көлік және коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Еске сала кетейік, www.elicense.kz - рұқсат беру құжаттарын интернет арқылы алуға мүмкіндік беретін жүйе. Бұл жобаны жүзеге асыру идеясы елімізде рұқсат беру құжаттарын реттеу мен қадағалау механизмі ретінде 2008 жылы пайда болған еді. Жобаны іске асыру барысында рұқсат беру үдерістерін оңтайландыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Өткізілген түгендеу нәтижесінде мемлекеттік органдар талап ететін құжаттар тізімі 1035-тен 517-ге қысқарды. Мемлекеттік органдардың 27 ақпараттық жүйелерін өзара ықпалдастыру нәтижесінде талап етіліп келген 600 түрлі құжат қажет емес деп танылды. Сондай-ақ, рұқсат құжаттарын беру мерзімі де қысқартылды.
2012 жылғы тамыз айынан бастап Қазақстанда лицензиялар 100% электрондық түрде беріле бастады. 2013 жылдың төрт айында 6 мыңнан астам лицензия электрондық түрде берілген.
Ал ақпараттық қоғам мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі бүкіләмдік кездесу шеңберінде өтетін Форумға қатысушылар тақырыптық семинар-кеңестер өткізеді. Соның аясында бүгін сондай семинарлардың бірін ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитетінің төрағасы Бағдат Мусин өткізеді деп жоспарланған. Ал 15 мамырда «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев Форумға қатысушылар алдында Қазақстанның е-лицензиялау жүйесі туралы толық баяндама жасайды.