10:57, 19 Наурыз 2013 | GMT +5
Қазақстанның «Электрондық Үкіметі» әлемде 38-ші орында тұғырланды
АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстанның «Электрондық Үкіметі» әлемде 38 -ші орында тұғырланды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.

Министрдің сөзіне қарағанда, өткен жылы халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 15 млн. астам қызмет көрсетілген. Бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 31 пайызға жоғары. Қазіргі уақытта ХҚКО-да мемлекеттік қызметтердің 113 түрі ұсынылады. Ал, «Электрондық Үкімет» арқылы 10,7 млн. қызмет көрсетілген. Бұл көрсеткіш 2011 жылға қарағанда 28 пайызға жоғары болып отыр.
«Нәтижесінде БҰҰ бүгінде Қазақстан «Электрондық Үкімет» жүйесін қалыптастырғанын атап өтуде. Бұл тұрғыдағы даму бойынша бізге 38-ші орын берілді. Ал, электрондық қатысу бойынша еліміз Сингапурмен қатар келе жатыр, сондай-ақ Онлайн қызметтері бойынша 14-ші орындамыз»,-деді ведомство басшысы.