Қазақстанның электрондық үкіметіне қырғыз делегациясы қызығушылық танытты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада тәжірибе бөлісу шеңберінде қазақстандық және қырғыз тараптарының электрондық көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тәжірибесін зерттеу тақырыбындағы кездесу өтті, деп хабарлайды «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның баспасөз қызметі.

Қазақстанның электрондық үкіметіне қырғыз делегациясы қызығушылық танытты

Делегация құрамында Қырғыз Республикасы Әділет министрлігінің және «Заңнаманы дамыту орталығы» қоғамдық қорының өкілдері болды. Кездесу аясында қонақтарға Қазақстанның электрондық үкімет және ашық үкіметтің қызметтері таныстырылды.

Қырғыз Республикасы Әділет министрінің орынбасары М.Сарымсақов Қырғызстан үшін Қазақстан тәжірибесінің маңызды екенін атап өтіп, елде мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру процесінің басталғандығын айтты. Айта кетерлігі, отандық электрондық үкімет порталының танымалдылығы күн санап артып келеді, ресурсқа тіркелген пайдаланушылардың саны 6 миллионнан асты. Бүгінгі күнде eGov.kz арқылы 237 қызмет пен сервис көрсетіліп келеді, оның ішінде 30 қызметті электрондық цифрлық қолтаңбасыз бір реттік құпиясөз көмегімен алуға болады.

Қырғыз делегациясы ХҚКО мен Арнайы ХҚКО-ның жұмысымен танысты.