Қазақстанның ең маңызды әрі қымбат қазынасы - бұл ұлтаралық келісім мен бейбіт өмір - Ұйғыр этномәдени орталығының басшысы
АЛДЫҚОРҒАН. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Қазақстанның ең маңызды әрі қымбат қазынасы - бұл ұлтаралық келісім мен бейбіт өмір. Бүгін Астанада жұмысын бастайтын Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясы алдында Алматы облысы Ұйғыр этномәдени орталығының төрайымы Әсия Ахметова осындай пікірін жеткізді.
Оның айтуынша, бұл - Қазақстанның халықаралық саясатын іске асырудағы басты қағида, бұл үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айту керек. «Ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары съезінің үшінші рет ойдағыдай өткізілуі - біздің еліміздің мәдениеттер диалогы мен жақындығы үшін есігі ашық тұрақты дамыған, болашағы зор мемлекет екенін көрсетті», - деп атап өтті Әсия Ахметова.
Оның сөзіне қарағанда, осы күндері өтіп жатқан Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы еліміздің осы ұстанымын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.