Қазақстанның Еңбек Ері президент сайлауы жөнінде: Бәрі де халық үшін
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Еңбек Ері, «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі Сайрамбай Дөненбаев маусым айында өтетін кезектен тыс президент сайлауына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Президент сайлауының өткізілуін өте дұрыс қадам деп санаймын. Өйткені әлемдік өзгерістердің, түрлі оқиғалардың жиілеп кетуі жағдайында Президенттің өкілеттігі толық болуы керек. Сайлауға түсіп, халықтың сеніміне ие болған тұлғалар ғана айрықша күрделі шешімдерді батылдықпен қабылдауға тәуекел ете алады»,- деді Сайрамбай Дөненбаев.
Оның айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баянды болашақ үшін ұтымды байлам жасай алды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент сайлауын күзде немесе келесі жылға қалдыруға да құқы бар еді. Алайда, ол таяу арада сайлау өткізіп, Президентті түпкілікті сайлау қажеттігін айтты. Бұл өте орынды іс болды. Өйткені Президентті халық сайлайды, түпкілікті шешімді қабылдайтын да сол халық. Ендігі жерде сайлаудың таза, ашық, әділетті өтуін қалаймын. Бәрі де халық үшін ғой»,- деді ол.
Сондай-ақ, Еңбек Ері жоғары билікке сайланған тұлға халқына Елбасы секілді жанашырлықпен, әділ де адал қызмет етсе, сөйтіп бүгінгі күні ел аумағында Ұлт жоспарының, Жолдауларда алға қойылған міндеттердің, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын одан әрі жемісті жалғастырса деген тілегін жеткізді.
«Жасыратыны жоқ, бүгінгі жағдайымыз өткен ғасырдың жетпісінші жылдарымен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Айырмашылығы жер мен көктей. Ақ, адал еңбек ет те, табыс тап. Еңбек еркіндігі бізге осындай мүмкіндік беріп отыр. Бұрын мұндай болған жоқ. Мысалы, Кеңестік кезеңде өкімет әр отбасына бір сиыр, бес қойдан артық ұстатпайтын. Ал енді екі сиыр ұстасаң, біреуінің бұзауын салыққа беруіңе тура келетін. Таза жүріп, тұрса, халық үшін еңбек етсе, бүгінде әркімнің-ақ бақуаттылыққа қол жеткізуіне мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта жеке кәсібіңді ашқың келе ме, өзіндік бастама, идеяларың бар ма, басқа да көмектер қажет пе бәріне де мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде»,- деген ірі шаруа қожалық жетекшісі Сайрамбай Дөненбаев ел азаматтарын өз кәсібін ашуға, осынау елдің мамыражай күнін бағалауға шақырды.
Еске сала кетейік, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы алдағы 9 маусым күні өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы жасаған Үндеуінде сайлаудың ашық әрі әділ өтетініне кепілдік беретінін айтты.