Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Люция Төлешова 75 жаста
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Люция Қажығалиқызы Төлешова бала кезінен әнге ғашық болды. Болашақ әншінің ең алғаш орындаған әні «Бродяга» фильміндегі үнді әні екен.
Люция кішкене кезінде цыган ансамблінің концертін көріп, олардың жылдам орындалар әніне, биіне де қызығады. Бала қиялы шарықтап, менің өмірімнің мағынасы әншілік деп білген жас қыз Алматыдағы П.Чайковсий атындағы музыка училищесіне алып келеді.
Орыстың «По Дону гуляет», «Миленький ты мой» әндерін орындағанда емтихан алып отырған музыкант ағалары «неге ер адамның әнін айтасың?» деген екен. Сонда Люция «менің әжем, ағам осы әнді айтатын, солардан үйрендім», дейді. Ұстаздар қауымы өзара күлісіп, батыл да дарынды қызды училищеге қабылдапты. Студенттік шақта ұстазы Генриетта Данильевна Вигдоровичтен әннің қыр-сырын жалықпай үйренеді. Әншінің өнер иесі-шебер әнші болып қалыптасуына осындай ұстаздың көп еңбек сіңіргенін ерекше атау абзал.
Сонымен қатар Е.Г.Кравцов, Ч.И.Жараспаева, В.П.Каретников,Р.Н.Каретников сынды майталман ұстаздардың берген телегей -теңіз білімі жас әншіні қанаттандырып жібереді.
Әнші Люция Төлешовамен бірге Аравин, Зубкова, Манжос сынды елімізге белгілі музыканттар да осы училищеден дәріс алған екен.
1962 жылы ол оқу орнын бітіргеннен кейін Гнесин атындағы Мәскеу өнер институтына оқуға түсу емтиханында ән айтып, үшінші октаваның ре-сін алған кезде музыкант ұстаздар «болды» деп айқайлап жіберген екен. Жас қыз шошып кетіпті. Содан емтихан алушы ұстаздар қыздың дарындылығын мойындап, бірден үшінші курсқа қабылдайды.
Танымайтын жерде өнерімен көпшілікті мойындатқан Люцияның қуанышында шек болмағаны рас еді.
Өз кезінде И.Шаляпинмен бірге ән салған Николай Сперанскийдің қызы Ирина Николаевна Сперанскаяның алдынан дәріс алған алғыр қыз белгілі пианист Башняковичтың сүйемелдеуімен ән айтуға дағдылана бастады. Ұстазының ерекше қарап, қазақ қызының өнерге бейімділігіне қайран қалып, ән айтудың қыр-сырын егжей-тегжей үйрете бастайды. Дауыс қою, ән сырына үңілу сияқты ғажайып өнердің тұңғиығына бойлай берген Люция жақсы ұстазға шәкірт бола білді.
Оның үстіне институт ректоры Ю.В.Муромцев болашақ әншінің ізденімпаздығын байқай отырып көп жеңілдіктер де жасады. Ғажап әншілердің сабағына қатыстырып, шығармашылық еркіндік берді.
Сол кездегі қазақ студенттерінің бастауымен, әсіресе Мұрат Әуезовтың ұйғаруымен «Жас қыран» атты ансамбль құрылып, Люция Қажығалиқызы сол ансамбльдің әншісі болады. Өзінің болашақ жары Амангелді Смағұловты Люция Мәскеуде жолықтырыпты. Амангелді кейін самбо, дзю-додан дүниежүзі чемпионы, СССР спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт жаттықтырушысы болды.
Люция Төлешова оқуды аяқтаған соң Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрына орналасып, «Чио-Чио сан», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» операларында басты рольдерді сомдады.
1968 жылдары «Қазақконцерт» бірлестігінің жанынан «Гүлдер» ансамблі ашылғанда Люция Қажығалиқызы әншілердің дауысын қойып, вокалдан ұстаздық етті.
1970 жылы композитор Мансұр Сағатовтың шақыруымен Мемлекеттік телерадиокомитетінің әншісі ретінде қабылданып, әр жанрдағы әндерді шебер орындап, Қазақ радиосының «Алтын қорын» толықтырды. Ел елді аралап, әріптестері Рашид Мұсабаев, Суат Әбусейітов, Зейнеп Қойшыбаева, Гүлвира Разиева, Венера Қармысова, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов сынды халық қалаулыларымен бірлесіп қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосты.
Люция Қажығалиқызының бір ерекшелігі - орыс романстарын, сонымен қатар Қазақстан композиторларының ән-романстарын ерекше сезіммен жеткізіп орындай біледі. Сонымен қатар, патриоттық әндерді өз бояуында жеткізе білген шебер әнші.
Әнші Люция Төлешованың орындауында Қазақ радиосының «Алтын қорында» 347 ән бар.
Люция Қажығалиқызы алыс-алыс ауылдарды, шалғай елді мекендерді аралап өнер көрсетсе, Мәскеудегі Орталық телеарналардан жиі көрініп, Минск, Киев, Кишинев сахналарында әлденеше ән салған. Сонымен қатар Грузия, Армения, Азербайжан, Прибалтика елдерінде, Чехославакия, Германия, Финляндия сынды шетелдерде қазақ эстрадасын дәріптей білді.
1975 жылы Литвада Жеңістің 30 жылдық мерейтойында Жақсыгелді Сейіловтың «Ана туралы баллада» әнін нақышына келтіріп орындап, дипломант атанғаны бар.
1996 жылға дейін Мемлекеттік телерадиокомитетте әнші болып еңбек ете жүріп Люция Төлешова Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында ұстаздық жолын бастады.
1995 жылдан бері бірнеше Халықаралық байқаулардың лауреаттары Гауһар Қаспақова, Бағым Мұхитденова, Гүлмира Жүкіпбаева, Сәкен Майғазин, Жадыра Арыстанбаева, Нұрлан Албан, Әлішер Каримов, Бердібек Құлғараев, Гүлия Айдарханова, Бақыт Шадаева, Қайрат Түнтеков, Меруерт Мүсірәлі сынды тамаша әншілерді өнерге баулып, ұстаздық міндетін адал атқарған Люция Төлешова бүгінде еңбектің зейнетін көріп, торқалы тойында осы шәкірттерінің өнерін Алматы жұртшылығына таныстырды.
Мамыр айының 30-жұлдызында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ радиосының ардагері, белгілі әнші, профессор, ұстаз Люция Қажығалиеваның 75 жасқа толған мерейтойы Алматыдағы «Қазақконцерт» залында өтті.
Көрермендерге лық толы залда сән-салтанатымен, аса ыждаһаттылықпен дайындалған сахна түрлі-түсті өрнектермен көмкеріліп, дәл осы күнгі көңіл-күйді аңғартып тұрғандай.
Бүгінгі күні әншілердің анасы атанған Люция Төлешова өз шәкірттерінің құттықтауын, әнін тыңдап, өзінің осынау қуанышты күнінде аса құрметке бөленді. Гүл жауған күн Люция Қажығалиқызының Қазақ радиосында бір кезде өнер жолын бірге бастаған әріптестері - Қазақстанның халық әртістері Нұрғали Нүсіпжанов пен Ескендір Хасанғалиев құттықтауларын айтып, өнер көрсеткен кезде халық толқып кетті.
Өткен күннің белгісіндей болған ретро әндерге бәріміз қосылып ән салдық. Концерт соңында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Люция Төлешова Ескендір Хасанғалиевтың әнімен сахнаның сәні болып, тамылжыта ән салды. Тембрі ерекше әнші үш жиырма беске келсе де айтар әнін өз бабында орындай білді.
Біздің бұл кештен түйгеніміз - ұлағатты ұстаз, профессор Люция Қажығалиқызы Төлешова өзінің ұстаздық өнерінде алдынан дәріс алған шәкірттеріне аса адал, еңбекқор жан екенін байқадық. Бірінен бірі жақсы шәкірттері өнерлерін көрсетіп, нағыз кәсіби мектепте шыңдалғандығын толық растады.
«Шәкіртсіз ұстаз - тұл» деген халықтық қағиданы ескерсек, Люция Қажығалиқызының кеші ұстаздық еңбегіне есеп берген күні болды.
Басқа концертке ұқсамайтын сценарийымен дайындалған мерекелік концертте біз көп біле бермейтін тамаша әншілерді көріп, ұстаздарына мың алғыс айттық. Ерекше көңілде, бойымыз сергіп, ән қанатында тарастық. Көрермен ретінде менің де көңілімнің марқайған күні дәл осы күн болды. Нағыз өнер деп осыны айт!
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Алтын Иманбаева