Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әсел Мәмбетованың бенефис-кеші өтеді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оны Қазақтың Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ұйымдастырып отыр. Әсел Мәмбетова 1959 жылы тамыздың 9-ы күні Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданында дүниеге келді. 1977-1979 жылдары Абай атындағы опера және балет театры жанындағы музыкалық студияны, 1979-1984 жылдары Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының театр факультетінің музыкалық-драма бөлімін тәмамдап шықты. Сол жылы Мәдениет министрлігінің жолдамасы бойынша өнер ордасына актриса болып жұмысқа алынған еді. 1990 жылдары «Тамаша» ойын-сауық отауында, 1996 жылы «Хабар» теле-арнасында жүргізуші болды. Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің ансамбльдерінде әскери әндерді орындап, концерттерінде жүргізуші болып 5 жылдай қызмет етті. «Қазақфильм» киностудиясының «Соңғы каникул» фильмінде - Ана рөлінде ойнады. 2000 жылдан Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында, 2008 жылдан Ж. Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің студенттеріне сахна тілі пәнінен дәріс беріп ұстаздық қызметті қоса атқарып жүр. Театр сахнасындағы жемісті қызметі мен ел мәдениетінің өркендеуіне қосқан ерен еңбегі үшін Әсел Мәмбетова 2009 жылы Президент Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.