Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері мен ұстаздары мемлекеттік наградалар алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері мен ұстаздарын марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері мен ұстаздары мемлекеттік наградалар алды


«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы танымал композитор, «Дервиши» тобының әншісі Ділмұрат Бахаровқа, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртісі Мұса Әжібековке және Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің ғалым-хатшысы Екатерина Резниковаға беріледі», - деді Мемлекет басшысы мемлекеттік наградалар иегерлерін марапаттау рәсімінде.

Сонымен бірге, Атырау облысындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы дарынды балаларға арналған мектеп интренатының мұғалімі Даржан Төреханова «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болды.

«Оның көптеген шәкірті ағылшын тілінен өткен республикалық олимпиадаларда жеңіске жетті. Ал Жаңаөзен қаласындағы мектеп мұғалімі Роза Сейсенбаеваға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді. Ол орыс мектебінің оқушыларына қазақ тілі мен әдебиетін оқытады, шәкірттері түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр», - деді Президент.

Айта кетейік, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.