Қазақстанның энергетикалық экспорттық әлеуеті 2030 жылы 6 млрд. кВт-ты құрайды
АЛМАТЫ. 31 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көлемі 2015 жылға қарай 101 млрд. кВт, ал 2030 жылы 145 млрд. кВт-қа жетеді. Бұл туралы Алматыда өткен «Энергетиканың инновациялық дамуының өзекті және басымды бағыттары» деп аталатын ХІ Қазақстандық энергетиктер форумында айтылды.
«Қазақстанның электр энергетикасы саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі жоспарына» сәйкес ел экономикасының бұдан ары дамуын қамтамасыз ету үшін 2030 жылы электр энергиясын өндіруді 150 млрд. кВт-қа дейін жеткізу керек. Бұл кезде ішкі қажеттілік толық қамтамасыз етіліп, экспорттық әлеует 6 млрд. кВт-ды құрайды», - дейді «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев. Оның айтуынша, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін қолданыстағыларының қуатын ұлғайту мен жаңаларын салу есебінен генерация өсімі 19,8-ден 32ГВт-қа дейін 62 пайызға ұлғаймақ. Онда жылу электрстанцияларын таза көмір технологияларын қолданудан 7,2 ГВт-қа, гидроэлектрстанцияларды 0,7 ГВт-қа, жаңғырмалы энергия көздерін 3,4 ГВт-қа, қарастырылып жатқан АЭС құрылысынан 0,9 ГВт-қа жеткізу жоспарлануда. Ал жалпы инвестиция көлемі 9,5 триллион теңгеге өспек. Қазіріг таңда «Самұрық-Энерго» Қазақстанның бірыңғай электр желісі қуатының 40 пайызға жуығын құрайтын жалпы қуаты 8 ГВт-тық электрстанцияларын біріктіріп отыр. Жалпы бұл акционерлік қоғамның электр энергиясын өндірудегі үлесі 30 пайыздан асады.