Қазақстанның есірткіден мемлекеттік қауіпсіздігі туралы жеке заң қабылдау қажет - В. Нехорошев

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның есірткіден мемлекеттік қауіпсіздігі туралы жеке заң қабылдау қажет.

Қазақстанның есірткіден мемлекеттік қауіпсіздігі туралы жеке заң қабылдау қажет - В. Нехорошев

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде ««Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында депутат Владимир Нехорошев осылай мәлім етті.

«Қылмыстың, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстың ең жоғары деңгейі есірткі бизнесіне қатысты болып табылады. Дәл осы қылмыстың түрі трансұлттық сипатқа жатады әрі мемлекеттер арасында таралады. Сондықтан да, біз Қазақстанның есірткіден мемлекеттік қауіпсіздігі туралы арнайы заң қабылдауды ойлануымыз керек. Өйткені, қылмыстық заңнамадағы барлық нормалар тиісті деңгейде тиімділік танытпай отыр. Сонымен қатар бұл салада арнайы қызмет те жасақталуы шарт. Ал біздің қолданыстағы заңнамамыз есірткі қауіпсіздігі саласында толық тиімділік бере алмай келеді», - деді депутат.

Оның айтуынша, есірткіге қарсы мемлекеттік қауіпсіздік туралы арнайы заң қабылданып, арнайы жеке құрылым болмайынша, бұл салада тиімділік деңгейі жоғарыламайды.