Қазақстанның Еуропа көлік қызметі нарығындағы үлесі 5 пайызға артады - Ә. Исекешев
«Қырғызстанмен арада автомобиль тасымалдары жыл сайын өсіп отыр. Былтырғы жылы өсім 9 пайызды құрады. Бүгінгі күні үкіметаралық келісімге сәйкес, екіжақты транзиттік тасымалдар, сондай-ақ үшінші елдерге тасымалдар рұқсатсыз негізде реттеліп келеді. Алайда, жүк тасымалдарының рұқсатсыз жүйесі қазақстандық тасымалдаушыларға теріс әсер етеді. Сондықтан келісімге өзгеріс жасалды. Бұл бойынша үшінші елдерге тасымалдарға рұқсат жүйесін енгізіп отырмыз. Бұл отандық тасымалдаушыларды қорғауға көмектеседі», - деді Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан мен Қырғызстан арасында жүктерді автокөлік құралдарымен тасымалдау барысында, сондай-ақ уақытша тіркеу нөмірлері бар, айырым белгілерінсіз бос автокөлік құралдарын межелі жерге айдап бару кезінде рұқсат болмаса да жүзеге асырылады. Ал жүктерді екінші тарап мемлекетінің аумағынан үшінші елдерге тасымалдау жүзеге асырылса тиісті мемлекеттік құзыретті органынан алынған рұқсат қажет болады.
«Жыл сайын Еуропадан Қазақстанға шамамен 50 мыңға тарта автокөлік құралдары тасымалданады. Оның ішінде 4 мың рейсті Қырғыз тасымалдаушыларының үлесіне тиіп отыр. Құжат қабылданса, қазақстандық тасымалдаушылардың үлесі 3 мың рейске дейін артатыны күтіледі. Яғни, Қазақстанның Еуропа көлік қызметі нарығындағы үлесі 5 пайызға артады», - деді Әсет Исекешев.