Қазақстанның фармацевтикалық өнімі бәсекеге қабілетті - «Ромат» компаниясы
АНА. 11 наурыз. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Болашақта Қазақстанда шығарылатын фармацевтикалық өнімнің 50 пайызға жуығын «Ромат» фармацевтикалық компаниясы шығармақ.
Бұл туралы бүгін Астанада басталған «Қазақстан Республикасының өнеркәсібін жаңғырту» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция аясында журналистерге сұхбат берген «Ромат» фармацевтикалық компаниясының президенті Тұрарбек Рақыш мәлім етті.
Оның хабарлауынша, Қазақстанның фармацевтикалық және медициналық саласын дамыту бағдарламасына сәйкес 2015 жылға дейін фармацевтикалық өнім саласындағы ұлттық мөлшерді 50 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылған. Осы мақсатқа жету үшін медициналық препараттарды шығаратын жаңа зауыттарды салып, ескі өндірістерді қайта жаңғырту жоспарланып отыр. «Егер 1992 жылда фармацевтикалық өнім саласындағы қазақстандық мөлшер 3-ақ пайыз болса, 2010 жылда оның деңгейі 16 пайызға өсті. Ал бүгінде отандық фармацевтика саласында қолға алынған іс-шараларды ескеретін болсақ, 2015 жылы фармацевтикалық өнім саласындағы ұлттық мөлшердің көлемі 50 пайызға дейін жетеді деп нық сеніммен айтуға болады», - дейді Т.Рақыш.
Компания басшысы мәлім еткендей, 50 пайыздық ұлттық мөлшердің қаржылық жағы 500 млн. доллар. Алдағы уақытта іске қосылатын жаңа зауыттардың күшімен «Ромат» компаниясы 200 млн. доллардың фармацевтикалық өнімін шығаруды жоспарлап отыр. «Кеден одағы аясында біз өнімнің 30 пайызын экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз. 20 жылдық тәжірибенің арқасында біз бәсекелес шетелдік компаниялардың өнімін жақсы білеміз. Сондықтан өзіміз шығаратын өнімнің бәсекеге толық қабілетті екендігіне кепілдік береміз», - деп атап көрсетті Т.Рақыш.