Қазақстанның футбол клубтары 2013 жылға дейін кемінде 3 мың адам сиятын жабық манеждерін салатын болды
АЛМАТЫ. 31 мамыр. ҚазАқпарат - 2013 жылдан бастап Қазақстан футболы «Күз-көктем» жүйесіне өтеді.
Бұл туралы кеше Астанада өткен Қазақстан футбол федерациясының конференциясында мәлім болды. Онда Қазақстан футбол федерациясының кезекті мәжілісінің отырысынан кейін Атқару комитеті өзінің жаңа құрамдағы алғашқы жиынын өткізді.
ҚР Футбол федерацияның сайтында жарияланған мәліметке қарағанда, жаңа жүйенің бірінші маусымы 2013 жылдың көктемінде басталып, 2014 жылдың көктемінде аяқталады. Бұл кезде ел біріншілігі үш айналымнан тұратын болады. Ал одан кейінгі жылдардан бастап, ел біріншілігі тамыз айында басталады да, келесі жылдың көктеміне дейін жалғасады. Бұл жүйе Қазақстан біріншілігін Еуропа футбол аренасындағы трансферлік нарықпен теңестіреді. Сондай-ақ, біріншіліктегі үзіліс пен клубтардың маусымаралық оқу-жаттығу жиындары да Еуропалық клубтардың уақыттарымен түйіседі. Ал жаз мезгіліндегі ұзақ үзіліс ұлттық құраманың алдағы ойындарына тыңғылықты дайындық жүргізуіне мүмкіндік береді. Сондықтан 2013 жылдың 1 қыркүйегіне дейін клубтар кем дегенде 3 мың көрермен сиятындай жабық манеж салуға міндеттейтіндей шешім шығарылды. Бұл манеж қолайсыз ауа-райына қарамастан барлық уақытта біріншіліктің үзіліп қалмауы үшін қажет.