Қазақстанның футбол клубтары жаңа легионерлермен толықты

Премьер-лигадағы клубтарымыздың бәрі де Кәсіпқой футбол лигасына биылғы маусымда өнер көрсететін ойыншыларын тіркеп қойса да, кейбіреулері бірінші тур қарсаңында өзгерістер енгізді. Яғни жаңа ойыншылар қабылданды. Естеріңізге сала кетейік, қысқы трансфер кезеңі 3 сәуір күні ғана жабылады. Яғни оған дейін өзгерістер әлі болады.
«Ордабасы» клубының құрамы Аргентина қорғаушысы Пабло Эсекьель Фонтанельомен толықты. Ол соңғы жылдары Украинаның «Черноморец» клубы сапында ойнады. Еуропа лигасының топтық кезеңінде доп теуіп, тәжірибе жинаған. 2014 жылы Украинадағы саяси жағдайға байланысты кетіп қалып, Норвегияда («Стабек») және Ресейде («Урал») ойнаған. Бір көңіл аударарлығы, «Ордабасы» клубында қазір - тоғыз легионер. Оңтүстік Қазақстан клубы ҚР Кәсіпқой футбол лигасының соңғы шешімін қолданып, қосымша легионер тіркеп отыр. Қосымша легионері үшін сыйақы төлеуі де мүмкін...
«Қайрат» футбол клубы да құрамын толықтырды. Ол - Акош Элэк. Жартылай қорғаушы. Венгрия құрамасының ойыншысы. Былтыр Францияда өткен Еуропа чемпионатына қатысып, Португалия және Бельгия құрамаларымен өткен кездесулерде өз елінің намысын қорғаған. Мадияр елінің 2011 жылғы чемпионы. 1988 жылы 21 шілде күні туған. Бойы - 193 см, салмағы - 91 келі
Сондай-ақ Киевтің әйгілі «Динамосының» балалар мектебінде тәрбиеленген Александр Ермаченко «Ақтөбеге» ауысты. Украинаның жасөспірімдер арасындағы құрамасында ойнап, талантты футболшыларының бірі ретінде көзге түскен. 2011 жылы Гранаткин турнирінің ең үздік жартылай қорғаушысы атанған. 1993 жылы 29 қаңтарда туған. Бойы - 170 см, салмағы - 62 келі.
«Ертіс» қатарына Грузия қорғаушысы Лаша Двали қосылды. Бірақ ол Польшаның «Шленск» клубынан жалға алынған. Бұл қорғаушы «Сконто» (Латвия), «Рединг» (Англия), «Касимпаша» (Түркия) және «Дуйсбург» (Германия) клубтары сапында ойнаған. 1995 жылы 14 мамырда туған. Бойы - 191 см, салмағы - 80 келі.
Дереккөз: Астана футбол федерациясы