Қазақстанның ғылым саласының қайраткерлері төл мерекелеріне орай Республикалық форумда бас қосады
АСТАНА. 11 сәуір. ҚазАқпарат - 12 сәуір - Ғылым қызметкерлері күніне орай Алматыда «Қазақстан-2050 Стратегиясы: білім-ғылым-инновация» атты Республикалық форум өтеді.
Форум шеңберінде қаладағы ғылыми ұйымдар мен ЖОО-ларда «ESI-2013 «Білім-ғылым-инновация» технология мен техникада, ғылымдағы жетістіктері» атты республикалық көрме, білім және ғылым саласындағы бос орындар жәрмеңкесі, тақырыптық дөңгелек үстел отырыстары; «Сәтбаев оқулары-2013» халықаралық конференциясы, инновациялық жобалардың тұсаукесері және т.б. іс-шаралар өтетін болады. Сондай-ақ 11-12 сәуірге жоспарланған іс-шаралар барысында Құрамында көміртегі бар наноқұрылымдық ғылыми материалдарды қажет ететін өндірістің ашылуы жоспарлануда (Жаңаталап ауылы).
Форумға ҚР Президенті Әкімшілігінің, Үкіметтің және министрліктердің өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, сонымен қатар ұлттық холдингтердің, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, докторанттар мен белгілі ғалымдар қатысады.
Іс-шараларды ұйымдастырушы - ҚР Білім және ғылым министрлігі.